Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күні аясында Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының «Жастар-ресурстық орталығы» КММ мен облыстық Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бірлесіп жастарға арналған квест-ойын ұйымдастырды.
Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, зиянды әдеттердің алдын алу және бос уақытты тиімді ұйымдастырудың маңызын түсіндіру.
Квест-ойынға еріктілер мен Азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжінің студенттері қатысты. Барлығы бес команда бақ сынады. Әр команда бес қатысушыдан құралды.
Ойын басталар алдында облыстық жастар-ресурстық орталығының социолог-психологы Самал Сабырбекова қатысушыларға психологиялық тренинг өткізді. Оның айтуынша, тренинг жастардың бір-бірімен жақынырақ танысуына, топтық жұмысқа бейімделуіне және ойлау белсенділігін арттыруға бағытталған.
Квест барысында қатысушылар әртүрлі интеллектуалдық және шығармашылық тапсырмаларды орындады. Сонымен қатар жастарға нашақорлықтың зияны, оның салдары және өмірлік құндылықтарды дұрыс қалыптастыру туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Облыстық Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Разия Курсанова мұндай іс-шаралар жастарды қоғамдық белсенділікке баулып, салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыратынын атап өтті.
Квест-ойын қорытындысы бойынша І орынды «Анти-амфетамин» командасы иеленсе, ІІ орынға «Антидоза» командасы, ал ІІІ орынға «9 грамм» командасы лайық деп танылды.
Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен және алғыс хаттармен марапатталды. Қалған қатысушыларға естелік сыйлықтар мен қатысқандарын растайтын сертификаттар табысталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізілмек.

