Базалық мөлшерлеме – Ұлттық Банктің ақша-кредит саясатының негізгі құралы.
Ақша-кредит саясаты немесе АКС – бағаны тұрақтандыру үшін экономикадағы ақша құнын реттеуге бағытталған шаралар кешені. Ақша-кредит саясатының мақсаты – жылдық инфляцияны 5% шегінде ұстау.
Осы мақсатқа қол жеткізу үшін Ұлттық Банк экономикадағы базалық мөлшерлемені белгілеу арқылы пайыздық мөлшерлемені реттейді.
Базалық мөлшерлеме –Ұлттық Банк коммерциялық банктерге қысқа мерзімді несие беретін және коммерциялық банктерден депозиттерге ақша қабылдайтын пайыздық мөлшерлеме.
Егер Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені көтерсе, белгілі бір уақыттан кейін банктер депозиттер мен несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді көтере бастайды. Яғни,несие алу құнын қымбаттатады, ал депозиттер тиімді болады. Бұл,өз кезегінде,тұтынушылық сұраныстың төмендеуіне әкеледі. Тұтыну азайған жағдайда баға өсімі баяулайды. Керісінше, базалық мөлшерлеме төмендеген кезденесиелерарзандайды, тауарлар мен қызметтерге сұраныс артады. Сәйкесінде экономикадағы ақша айналымының қарқыны артып, баға тезірек өседі.
Базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдау әртүрлі көздерден ақпарат жинаудан басталады. Ол үшін Ұлттық статистика бюросынан, халық пен кәсіпорындар арасында жүргізілген сауалнамалар, банктердің есептері және басқа да ақпараткөздері қолданылады.
Ақпаратты жинап, сараптап, сүзгіден өткізу процесінің өзі талдау және болжау жүйесі немесе FPAS деп аталады. Базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдау процесі ақпарат жинауды, елдегі және әлемдегі жағдайды талдауды және экономикалық көрсеткіштерді болжауды қамтиды.
Базалық мөлшерлеме бойынша шешімдер Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитет отырысында қабылданады. Комитет бекітілген кестеге сәйкес жылына 8 рет жиналады. Қабылданған шешімдер Ұлттық Банктің сайтында пресс-релиз түрінде жарияланады.
Сонымен қатарқабылданған шешімдер БАҚ-та жарияланады және Ұлттық Банк басшылығының сұхбаттарында кеңінен таратылады.
2025 жылғы 20 қаңтарда Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 15,25% деңгейінде ұстау туралы шешім қабылдады. Базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешім 2025 жылғы 7 наурызда Астана уақыты бойынша сағат 12:00-де жарияланады.
Базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдау кестесі ҚҰБ сайтында «Міндеттері – Ақша-кредит саясаты – Базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдау графигі» бөлімінде орналастырылған.