29 октября 2023 года - День общенационального траура в Республике Казахстан
Вторник, 18 августа

Базалық мөлшерлеме: ол бізге несімен маңызды

Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі өзгерген кезде ол тек банктер мен қаржы нарығына ғана қатысты дүние секілді көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, оның ықпалын бірден болмаса да, азаматтар да, бизнес те сезінеді – кредиттер мен депозиттер бойынша мөлшерлемелер, тұтынушылық сұраныс және түптеп келгенде, инфляция қарқыны өзгереді.

Базалық мөлшерлеме деген не

Базалық мөлшерлеме – Ұлттық Банктің ақша-кредит саясатында (АКС) қолданатын негізгі құралы. Өз кезегінде, АКС – экономикадағы ақша құнын реттеуге арналған шаралар кешені. Оның басты міндеті – бағаның тұрақтылығын сақтау. Яғни, ҚР Ұлттық Банкі жүргізетін ақша-кредит саясатының түп мақсаты – ортамерзімді перспективада жылдық инфляцияны шамамен 5% деңгейінде тұрақтандыру және ұстап қалу. Осы мақсатқа жету үшін Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені белгілеу арқылы экономикадағы пайыздық мөлшерлемені реттейді.

Ол әмиянымызға қалай әсер етеді

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені көтерген кезде банктер уақыт өте келе депозиттер мен кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді көтереді. Яғни, алатын қарыз қымбатқа түсіп, керісінше, ақшаны депозитте сақтау тиімді болады. Сөйтіп адамдар мен компаниялар аз жұмсап, көбірек жинауға ұмтылады. Сол кезде сұраныс азайып, бағаның өсу үрдісі баяулайды. Базалық мөлшерлеме төмендеген кезде керісінше: кредиттер арзандап, салымдардың кірістілігі азаяды, тауарлар мен қызметтерге сұраныс өседі. Мұнымен бірге баға да өсіп, экономикада ақшаның қозғалысы жеделдейді.

Шешім қалай қабылданады

Базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдамас бұрын Ұлттық Банк әртүрлі көздерден ақпарат жинайды және талдайды: Ұлттық статистика бюросының деректері, халық пен кәсіпорындар арасында жүргізілген сауалнамалар, банктердің есептілігі және басқа да статистика.
Деректерді жинау және талдау, экономикалық көрсеткіштерді болжау жұмыстары Ұлттық Банктің талдау және болжау жүйесі аясында жүргізіледі.

Базалық мөлшерлеме бойынша шешімдерді Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитет алдын ала бекітілген кестеге сәйкес жылына сегіз мәрте қабылдайды. Әрбір шешім баспасөз хабарламасы түрінде Ұлттық Банктің сайтында және БАҚ-та жарияланып, Ұлттық Банк басшылығының мәлімдемелерінде айтылады.

Қазіргі базалық мөлшерлеме қандай?

2026 жылғы 24 шілдеде Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,75%-ға дейін төмендетті.

Базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешім 2026 жылғы 4 қыркүйекте Астана уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.
Базалық мөлшерлеме бойынша шешімдер қабылдау кестесі ҚҰБ сайтында «Міндеттері – Ақша-кредит саясаты – Базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдау кестесі» бөлімінде орналасқан.

Ұлттық Банктің Ақмола филиалы әзірлеген ақпарат бойынша