Жасанды интеллект бүгінде мәтін жазуға, сурет жасауға, ақпарат іздеуге және құжаттарды аударуға көмектесетін күнделікті құралға айналды. Алайда оның мүмкіндіктерін тек мамандар ғана емес, алаяқтар да өз мақсаттарына пайдаланып жатыр.
ChatGPT атауын жамылған алаяқтық
Киберқауіпсіздік мамандары соңғы уақытта алаяқтардың ChatGPT сервисіне деген сенімді пайдалана бастағанын анықтады. Қаскүнемдер сервистегі ақаулар туралы жалған хабарламалар таратып, пайдаланушыларға «ресми қосымшаны» жүктеуді ұсынады.
Нәтижесінде қолданушы құрылғысына зиянды бағдарлама орнатылады. Мұндай схемалар адамдардың танымал брендтерге деген сеніміне негізделген.
Дипфейк: жалған дауыс пен бейне
Жасанды интеллект арқылы адамның даусын, бейнесін және сөйлесу мәнерін көшіріп жасау бүгінде оңайлаған.
Алаяқтар туыстарыңыздың, достарыңыздың немесе басшыңыздың атынан қоңырау шалып, шұғыл ақша аударуды сұрауы мүмкін. Кей жағдайда мұндай жалған бейнеқоңыраулар мен аудиохабарламаларды шынайысынан ажырату өте қиын.
Жалған жұмыс ұсыныстары
Соңғы жылдары интернетте жалған бос жұмыс орындары көбейіп келеді. Алаяқтар жасанды интеллект көмегімен шынайы көрінетін вакансиялар, компания сайттары және рекрутерлер атынан хаттар дайындайды.
Үміткерден сауалнама толтыруды немесе арнайы бағдарламаны орнатуды сұрайды. Соның нәтижесінде жеке деректер ұрланып немесе құрылғыға зиянды бағдарлама жұқтырылуы мүмкін.
Неліктен бұл қауіпті?
Жасанды интеллект алаяқтарға мыңдаған хабарламаны санаулы минуттар ішінде дайындауға мүмкіндік береді. Бұрынғыдай мәтіндегі қателер немесе сапасыз аудио-жазбалар күдік тудырмайды, өйткені қазіргі нейрожелілер өте сапалы контент жасай алады.
Сондықтан бүгінгі таңда шабуылдың басты нысаны – компьютер емес, адамның өзі.
Өзіңізді қалай қорғауға болады?
- Қосымшаларды тек ресми сайттар мен дүкендерден жүктеңіз;
- Күмәнді сілтемелерге өтпеңіз;
- Белгісіз бағдарламаларды орнатпаңыз;
- Шұғыл ақша аударуды талап ететін хабарламаларды міндетті түрде тексеріңіз;
- Жеке деректер мен банк ақпаратын бөгде адамдарға бермеңіз;
- Жұмыс берушілер мен бос жұмыс орындарын мұқият зерттеңіз;
- Екі факторлы аутентификацияны пайдаланыңыз.
Жасанды интеллекттің өзі қауіпті емес. Қауіп оны теріс мақсатта пайдаланатын алаяқтардан туындайды. Сондықтан цифрлық сауаттылық пен сыни ойлау қазіргі замандағы ең тиімді қорғаныс құралдарының бірі болып қала береді.

Источник: Fingramota.kz
Горячая линия WhatsApp — делись новостями с редакцией! +7 775 244 99 15

