29 октября 2023 года - День общенационального траура в Республике Казахстан
Воскресенье, 22 декабря

Сайлау КӨШКЕНҰЛЫ

Қазақстанның құрметті журналисі

Жаса, жаса, Тәуелсіздік! (Публицистикалық толғау)

Иә десейші, егеменді ел болдық деп, бөркімізді аспанға атып, қуанышымыз қойнымызға сыймай әрі-сәрі күй кешкеніміз күні кеше ғана сияқты еді-ау! Уақыт әлбетте жүйрік қой. Міне, содан бері иә, иә, Тәуелсіздік алғанымызға да 30 жылдан астам уақыт өткен екен. Осы орайда Мемлекет басшысы, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына биылғы Жолдауында еліміздің ілгергі күндергі даму стратегиясын айқындап, әлемді жайлап отырған пандемиядан кейінгі кезеңде елді одан әрі дамытуға, басты байлығымыз – денсаулық ісін жақсартуға, болашақ ұрпақты сапалы біліммен қамтуға, өңірлік саясатты жетілдіруге, еңбек нарығында тиімді экожүйе құруға, адам құқығын қорғау мен ұлтты ұйыстыруға бағытталған бес бастамасын жариялағандығы бәріміздің есімізде.

Шын мәнісінде Тәуелсіздікке біздің қолымыз қалай жетті. Айтуға оңай болғанымен бодандықтан бостандыққа ұмтылған халық бұл күнге өз бастарын өлімге тігіп, талай-талай қиыншылық пен ауыртпалықты өткере отырып, яғни баяғының жаужүрек батырларынша толарсақтан саз кешіп барып Тәуелсіздіктің туын тікті. Ал, бұған дейін кешегі Ахаңдар, Ахмет Байтұрсынов, Жүкеңдер, Жүсіпбек Аймауытов, Мекеңдер, Міржақып Дулатов, ақиық ақындарымыз Сәкен Сейфуллин мен Ілияс Жансүгіровтер, тағысын тағылар еліміздің бостандығы мен тәуелсіздігі жолында қасық қандары қалғанша аянбай күресіп, нақақтан нақақ жала жабудың салдарынан мезгілсіз ажал құшты.

Ұлан-байтақ жерімізді сақтап қалу үшін жанын қиып, шейіт болған қазақтың хас батыры Кенесары Қасымовты айтпағанда Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштары болған сонау 1986 жылғы желтоқсаншылар көтерілісін қайтіп ауызға алмасқа. Дәл осынау сәтте өрімдей жас қыздарымызды қақаған қыста үстеріне мұздай су құйып, бұрымдарынан сүйреткендерді, желкілдеп өсіп келе жатқан жас құрақтай бозбала жігіттерді шойын темірмен соққылап, тоқпақтай дубинкалармен аяусыз ұрып жатқандарды көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Сұмдық-ай, сұмдық! Неткен тағылық, неткен қатыгездік.

«Желтоқсаным!

Қара суық соғып тұр,

Қара жаңбыр жауып тұр.

Қарындастың көзінен

Қанды жасы тамып тұр…

Желтоқсаным!

Жорықтасың, жолдасың,

Алда – майдан, алда – сын!

Алаш рухын өшірмей,

Аллам өзі қолдасын!., деп жерлес ақын жырласа, желтоқсан оқиғасы тарих бетінде мәңгі өшпестей боп қалғандығы тағы шындық. Өйткені:

«Түкситіп

Қарт Алатау қас-қабағын,

Түнереді.

Шырқады жастар әнін,

Тәуелсіз боп

Жырымды жалғастырсам,

Желтоқсан боп

Әрдайым басталамын!.. деп қайсар ұлдарымыз бен қыздарымыздың ерлігін, олардың ел Тәуелсіздігі жолында өз бастарын құрбан еткендіктерін айдай әлемге паш етті.

Әйткенмен, қайталап айтсақ, жастарды, өрімдей-өрімдей қыз-жігіттерді мұның бірі де жасыта алмағандығы ақиқат. Есебі қанша екендігін кім білсін, әйтеуір желтоқсан оқиғасының құрбандары, еліміздің азаттығы мен тәуелсіздігі жолында мерт болған Қайрат Рысқұлбековтың, Ербол Сыпатаев пен Ләззат есімді қаракөз қарындастарымыздың, тағы басқаларының есімдері ел есінде мәңгі қалды. Тегінде еліміздің алдағы болашағы жастардың қолында екендігін бұдан едәуір уақыт бұрын ақиық ақын, ұлт ақыны, ұлы ақын Мағжан Жұмабаев ертеден болжап толғаған екен-ау дейсің. Бұған оның ертеректе жазған, бүгінгі күні жастардың ән ұранына айналып кеткен мына өлең шумақтары куә десе де болады.

«Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты,

Қырандай күшті қанатты –

Мен жастарға сенемін!».

Немесе:

«Тау суындай гүрілдер,

Айбынды алаш елім дер.

Алтын Арқа жерім дер,

Мен жастарға сенемін!».

Тағы да:

«Мен сенемін жастарға,

Алаш атын аспанға

Шығарар олар бір таңда,

Мен жастарға сенемін!», деп өз ойын еш мәймөңкелемей ашық түйіндейді.

Өткенге сәл тоқталсақ, Ел Президенті, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейінгі «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында да, таяуда ғана жариялаған Қазақстан халқына Жолдауында да тәуелсіздік – біздің ең басты құндылығымыз екендігін атап көрсетті. Әсіресе, ел экономикасының қарыштап дамуының арқасында табысты ел ретінде бүкіл әлемге танымал болғандығымызды мәлім етті. Рухани жаңғырудың арқасында ел еңсесін көтерді. Халықтың әл-ауқаты артты.

Бұдан әрі Қасым-Жомарт Кемелұлы «Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес», – деді өз Жолдауында. «Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы».

Осы ретте Қазақстанды егеменді ел атанған, Тәуелсіз мемлекет, деп танығандардың қатарында Түркия, түрік елі алғашқылардың бірі болды. Кейінірек Қазақстан БҰҰ-ға мүшелікке өтті. Сөйтіп, қазақ жұртын, қазақ елін, оның тәуелсіздігін әлемнің көптеген алпауыт мемлекеттері мойындады.

Өз қолы өз аузына жеткен баладай дербес ел атанысымен 1991 жылдың 29 тамызында қырық жылдан астам уақыт бойы жер үстінде де, жер астында да ядролық қаруды сынақтан өткізумен айналысқан Семей полигоны тұңғыш рет жабылды. Сөйтіп, ұзақ жылдар империялық саясаттың салдарынан қайғы мен тақсірет тартып келген мыңдаған жазықсыз жандар бұл азаптан құтылды. Өйткені, ядролық сынақ аймағында тұрған 1,5 миллионнан астам адам одан көп запа шеккен болатын.

Тәуелсіздіктің бастапқы күндерінен-ақ Қазақстан экономикалық жағынан болсын, саяси жағынан болсын дамудың сара жолына түсті. Еркіндік еңсемізді көтерді. Азаттықтың ақ таңы атты. Аспанымызда Әнұран шарықтап, төбемізде Көк Туымыз желбіреді. Төл теңгеміз айналымға шықты. Алыс-жақын елдермен шекарамызды нықтап бекіте түстік.

Қазақ елі үшін ең қуанышты сәттердің бірі – мына тұрған Байқоңырдан тұңғыш рет өз ұлтымыздың өкілі – Тоқтар Әубәкіров со-сонау ғарышқа ұшты. Оның соңын ала көк аспанда Талғат Мұсабаев еліміздің Әнұранын шырқатты. Ал, бертінірек батыр ағаларының ізін ғарышкер Айдын Әлібеков жалғастырды. Ел мерейін асырған бұл үшеуі де артынша-ақ «Қазақстанның Халық қаһарманы» жоғары атағын иеленді.

Ел астанасы – Астана қаласы бүгінде алыс-жақын елдермен достық пен бейбітшілік жолында ынтымағы жарасқан іргелі ордаға айналды. Мұнда әр жылы түрлі жиындар өткізіліп, татулық пен бірліктің мызғымас ошағы саналып отыр. Әр ұлт өкілдерінің құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылса, белгілі бір мерзімде әлемдегі дін көшбасшыларының, Дүниежүзі қазақтарының «Құрылтай» атты үлкен форумы өтуде.

Мұндай айтулы өзгерістер Қазақстанның солтүстік өңірінде орналасқан – Ақмола облысының әр аймағында көрініс табуда. Жылдан-жылға халықтың әл-ауқаты жақсарып, нарық қанша қысқанмен ең алдымен үкімет пен жеке кәсіпкерлердің қолдауымен олар бай-бақуатты ғұмыр кешуде. Бұған дәлел, егіншілікпен қоса мал шаруашылығын одан әрі дамыту, өнеркәсіп кешендерінің бүгінгі заман талабына сай жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрі жасалуда.

«Нан – басты байлығымыз» демекші, мәселен тек біздің Ақмола облысында ғана үстіміздегі жылы жаздық егіс алаңы 5 миллион гектарды құрады. Соның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 4,5 миллион гектардан асып түсті. Сөйтіп, жауын-шашынды болған биылғы жылдың өзінде егін алаңдарының әр гектарынан орта есеппен 20-30 центнерден өнім жиналды. Әрине, бұл кешегі Кеңестік кезеңдегімен салыстырғанда ең үздік көрсеткіш деуге болады.

Өнеркәсіптік сектор саласында оң өзгерістер байқалуда. Айталық, тек ағымдағы жылы өңіріміздің өңдеу өнеркәсібі көлемі 1,8-2 пайыз қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, сауда және бағаны тұрақтандыру, тұрғын үй құрылысын жан-жақты дамыту, коммуналдық қызмет пен сумен жабдықтау, жол желісін жақсарту, денсаулық сақтау, шағын және орта бизнесті одан әрі өркендету бағытында да атқарылған істер ауқымды.

Әр ұлт өкілдері арасындағы достық пен бірлікті одан әрі нығайту бағытында үкіметтік емес құрылым – Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақмола облыстық филиалы өз жұмысын нәтижелі жалғастыруда. Ел Конституциясының талаптарын сақтау әр азаматқа тең құқықтық мүмкіндіктер беру, тіл және мәдениет мәселесіне оң көзқарас қалыптастыру, ауызбіршілік пен татулық қарым-қатынасты нығайту жөнінде оңтайлы істер жалғастырылуда.

Облыста бұқаралық спорт пен туризмді дамытуға баса назар аударылуда. Осы орайда өңірдегі Бурабай және Зеренді, Имантау мен Шалқар аймағында көптеген нысандар жемісті жұмыс істеуде. Атап айтқанда, бұл көрсеткіш облыс бойынша 500-ден асып түседі.

Иә, Тәуелсіздік жылдарындағы қарышты оң қадамдарымыз осындай. Болашағымыздың бұдан да жарқын, бұдан да асқан келелі істерге толы болатындығына кәміл сенімдіміз. Осы ретте тілімізге жерлес ақынның мына өлең жолдары оралады:

«Тәуелсіздік, кештеу тиген сыбағам,

Оқасы жоқ, елім аман, біз аман.

Өзің үшін талай жардан құлағам,

Өзің үшін талай өксіп жылағам,

Тәуелсіздік, солай келген сыбағам!..».

Немесе:

«Желбіре жарыс жалауы

Лапылда Олимп алауы.

Бағынсын асу, биіктер,

Жасай бер, жаса, сүйікті ел…».

Тағы да:

«Араймен атар әр таңым

Өзіңе үміт артамын.

Ақмола, көркем Көкшетау,

Биігі сенсің Арқаның!..».

Подпишись на наш видеоблог на YouTube! Тебе не сложно — нам приятно )