29 октября 2023 года - День общенационального траура в Республике Казахстан
Воскресенье, 24 ноября

Құрметпен еске алушы жан досы Қайырбай Ағыбайұлы және барлық Ағыбай әулеті

Жан досымның жарқын бейнесі жүректе

Алла адамды өзі жаратады және сызығы келгенде мәңгілік мекеніне алып кетеді. Ажалға кім араша тұра алғандай… Бұл жаратылыс заңы, оны ешкім де өзгерте алмайды. Жалған дүние кімдерді жылатпады дейсіз. Жақын адамынан, адал жарынан, сүйікті перзентінен, жақсы жолдасынан қапияда көз жазып, жүрегі қарс айрылғандар қаншама. Алланың ісіне амал жоқ, іштей мойынсұнып, жылай-жылай күн кешіп, аруағына Құран бағыштағаннан басқа қолдан не келеді?!

Мен бүгін осыдан қырық күн бұрын мәңгіден бақиға кенеттен озған адал досым, жан жолдасым, Зеренді ауданына қарасты Қарсақ ауылының тумасы, аяулы ата, асқар таудай әке, сүйікті жар, жанашыр бауыр Құрман Қабдоллаұлын сағынышпен еске аламын. Өзіміз еркелетіп «Құреке» атандырған жанның бойындағы барлық адами қасиеттерін айтып жеткізе алмапсын.Тумысынан қарапайым, елгезек, ақкөңіл де адал азаматтың ешкім жайлы қайырсыз, қатты сөз айтып, сөге жамандап, кемшілігін бетіне басып, мін іздегенін көрмеппін. Көзбояушылықты ұнатпайтын, керексіз нәрселермен уақытын өткізбейтін, бос сөзге жаны қас адам еді. Қарапайым тірлікпен күн кешіп, кең пейілі мен ақжарқын мінезімен ортасының көркі бола білетін, достықтың туын жоғары қоятын, нағыз Азамат деген атқа лайық бағасын алған жан болатын.

Құрман екеуміз бала күннен құлын-тайдай тебісіп, ауылдың қара топырағына аунап өстік. Туған ауылымыз Қарсақтың жанындағы «Ақтөбе» деп аталатын төбе ойын баласының қызықты күндерінің куәсі. Ал, біздің елді мекеннің жанынан ағып жатқан Қылшақты өзені сауық-сайран құратын шақтарымыздың белгісіндей. Бізді жеткізген сүйікті өлкемізге табан тіреген сайын Құрман екеуміз «Ақтөбеге» бір айналып соғып, балалық, жастық шағымызды еске алып, бір жасап қалатын едік. Шіркін, ол күндер сағым сияқты алыстап кетті.Біз бала күнімізден бір-біріміздің мінез-құлқымызды, жүріс-тұрысымызды, қабілет-қарымымызды жете зерттеп алған едік. Есейіп, бозбала шақтан жетіліп, жігіттік жастықтың жалынды күндерін бірге өткіздік. Сол балдәурен балалықтан келе жатқан достығымыздың жібі оның көзі жұмылғанша үзілген жоқ. Ешқашан бір-біріміздің көңілімізге қаяу түсіріп, қатты сөзге келген емеспіз.

Себебі біз достығымызға сызат түсірмеуге тырыстық, аяладық. Өйткені Құрман сондай құрметке лайық еді. Есейген шағымызда екеуміз екі жақта, мен Көкшетауда, ол елде қалды. Әке-шешесінің жалғыз ұлының қарияларға күтімі, қос қарындасына ағалық қамқорлығы қажет болды. Перзенттік борышты жүрегімен ұғынған Құрманның кейін де шетке шығып,білім алып, қызмет істеуіне мүмкіндігі болған жоқ. Ата-ана алдындағы міндетін ол бәрінен жоғары қойды. Онысына өкінген жоқ. Ауылда еңбек етіп, ырыздық-несібесін жерден теріп, ортасына сыйлы болды. 1969 жылы Қарсақ ауылының әдемі қызы Тәсиләмен отбасын құрып, балалы-шағалы болып, олардан немере-шөбере сүйіп, бақытты ата мен әже атанды. Құрманның балалары Қазақстанымызға адал еңбек етіп келеді.Әсіресе, ұлы Бекболаттың биік шыңдарды бағындырғанына әкесі ерекше мерейленді. Әскери қызметті таңдаған ол бүгінде полковник шенінде, Мәскеуден Бас штабтың Академиясын бітіріп келіп, қызметін жалғастырып жатыр.

«Әкеге қарап ұл өсер»деп атам қазақ бекерден бекер айтпаған ғой. Құрман Қабдоллаұлы да Отанына, халқына адал қызмет еткен жан еді. Еңбегі ескерусіз қалған жоқ. «Құрмет» және «Еңбек Қызыл ту» ордендерін омырауына қадап, мерекелік медальдарды жарқырата тағып, көптеген құрмет грамоталары мен мақтау қағаздарына ие болды. Нағыз сегіз қырлы, бір сырлы жігіт ағасының армандары да, алдына қойған мақсаттары да көп еді. Өкінішке орай, сұм ажал арамыздан ардақты жанды алып кетті. Оның отбасына, ағайын- туысына, бауырларына, құда-жегжаттарына қайғыра көңіл айтамын. Жаны жәннатта, топырағы торқа, жатқан жері жайлы болсын. Марқұмның иманы жолдас болсын, қабірі нұрға толсын.