Президент қоғамда кітап оқу мәдениетін насихаттау туралы ой қозғап, мемлекеттің осы бағытта қолға алған бастамалары жөнінде айтты
Кітап оқу өркениетті қоғам құрып, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы деп айтсақ, артық болмайды. Сондықтан біз ел ішінде, әсіресе, жастар арасында кітап оқу мәдениетін кеңінен дәріптеуіміз керек. Мен өткен аптада Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы арнайы Жарлыққа қол қойдым. Осы маңызды құжаттың негізгі мақсаты – ұлт сапасын арттыру, яғни, адам капиталын дамыту, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайту. Үкіметке осы бағыттар бойынша нақты шараларды іске асыруды, соның ішінде кітапхана және кітап шығару ісін заң тұрғысынан қамтамасыз етуді тапсырамын. Сонымен қатар «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы бекітіледі, «Жылдың он оқырманы» республикалық жобасы өткізілетін болады. Баршаға қолжетімді Ұлттық цифрлық кітапхана платформасы іске қосылады.










