Құрметті қазақстандықтар!
Бүгін Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясы күшіне енді. Бұл оқиға еліміздің тарихындағы жаңа кезеңнің бастауын айқындап, ауқымды саяси, экономикалық және қоғамдық жаңғыруларға жол ашады.
«Ақ жол» демократиялық партиясы барша Республика азаматтарын осы тарихи оқиғамен шын жүректен құттықтайды.
Жалпыхалықтық референдумда қабылданған Жаңа Конституция Қазақстанның мемлекеттік дамуындағы маңызды белеске айналып, еліміздің алдағы стратегиялық бағытын айқындады. Бүгіннен бастап бұл тарихи таңдау нақты жүзеге аса бастайды. Конституция күшіне енген сәттен мемлекеттік құрылыстың жаңа кезеңі басталып, оның қағидаттары мемлекеттік шешімдердің де, жүргізілетін саясаттың да берік негізіне айналуға тиіс.
Конституция мемлекеттің құрылымдық негіздерін ғана емес, оның стратегиялық даму бағдарын да белгілейді. Осы конституциялық нормаларды іс жүзінде іске асыру Қазақстан дамуының жаңа кезеңіндегі басты міндеттердің бірі болмақ.
«Ақ жол» демократиялық партиясы үшін Жаңа Конституцияның парламентаризмді, саяси бәсекелестікті, тәуелсіз сотты, жеке меншіктің қорғалуын, экономикалық еркіндікті және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының конституциялық кепілдіктерін одан әрі нығайтуға берік негіз қалауы айрықша маңызды. Бұл қағидаттар партиямыздың ұзақ жылдар бойғы басты басымдықтарының бірі болып келді және Конституциялық комиссия жұмысының барысында көрініс тапты.
Демократиялық институттарды нығайтып, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, Заң үстемдігі қағидатын мүлтіксіз сақтамайынша еліміздің одан әрі өркендеуі мүмкін емес екеніне сенімдіміз.
Қоғамдық санадағы өзгерістердің де маңызы бұдан кем емес. Әділдік, жауапкершілік, заңдылық, жасампаз еңбек пен отаншылдық қағидаттары ел дамуының берік рухани тірегіне айналуы қажет. Сонда ғана жүргізіліп жатқан реформалар қайтымсыз сипат алып, Қазақстанның тұрақты әрі ілгері дамуына жол ашады.
«Ақ жол» демократиялық партиясы бұдан былай да заңнаманы жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен отандық кәсіпкерлікті қорғауға белсенді атсалысып, конституциялық қағидаттардың өмірде толық жүзеге асуына және Қазақстан Республикасының одан әрі дамуына өз үлесін қоса береді.
Жаңа Конституцияның күшіне енуі әділетті, құқықтық әрі қуатты Қазақстанды қалыптастыру жолындағы, Тәуелсіздігімізді нығайтудағы, ұлттық экономиканы дамытудағы және қоғам бірлігін бекемдеудегі маңызды қадам болатынына кәміл сенеміз.
Барша Қазақстан Республикасы азаматтарын Жаңа Конституцияның күшіне енуімен шын жүректен құттықтаймыз!
Елімізге бейбітшілік, бақ-береке, бірлік, сенімді дамуды, бүгінгі әрі болашақ ұрпақтың игілігі жолындағы толайым табыстарды тілейміз.

