Жаңа заман, жаңа уақыт, тіпті мейлінше жаңарған, жан-жақты жетілген, ойжетпеске қол жете бастаған қоғамда өмір сүре бастадық. Бұл – біздің тағдырымыз! Бізге бұйырған бақ! Енді қалай? Байқап қарасақ, соңғы 30-40 жылда адам да, қоғам да, тіпті бүкіл әлем де күрт өзгерді, кісі танымастай кейіпке ауысты. Техника заманы туды. Әлеуметтік желі – интернет алға озды. Ол ғана емес, жасанды интеллект «атқа қонды», мойындауымыз керек, қаласақ та, қаламасақ та, өмір-тіршілігімізге тереңдеп, бойлап енді. Міне, осындай өзгермелі заманда адамдардың алға озған ой-санасымен санаса отырып, жұмыла жұмыс істеп, бірге ілесіп, әсіресе тәрбие-тәлім мектебін ақсатып алмау – қай мемлекеттің де алға ұстар негізгі мақсаты болмас па?
Жиырма бірінші ғасырдың алғашқы ширегі алдымызға қандай-қандай толғақты міндеттер мен «сыйлы» сыбағалар тарту етті? Ең алдымен, бұны баса айтуымыз керек, адам тәрбиесі алдыңғы кезекке шықты: болашақ қоғамның иесі де, шын қожасы да – жас толқын, келешектің ұрпақтары. Демек, олардың тағдырына ғана емес, тәрбиесі мен тәртібіне де, кім болып өсетініне де, тіпті, күні ертең мемлекет «тағдырын» кімдердің қолына «қиналмай тапсырып» кете алатынымызды да анық-қанық біліп отырғанымыз әбден керек болады. Осы орайда, өзіміз сайлаған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев батыл ұсынған «Жаңа Қазақстан» һәм «Әділетті Қазақстан» идеясының басты ұстанымы өзінен-өзі айқындала түседі.
Бұл ретте зиялы топқа, әсіресе қалам ұстаған барша қаламгерлер «армиясына» артылар салмақ жүгі күн санап ауырламаса, жеңілдемейтіні өзінен-өзі белгілі. Біздің алдымызда, қадірлі қалам ұстаған қауым, қандай жауапты міндеттер күтіп тұр? Осы жайында ойға келген пікірімізді бүгіп қалмай, бірер ауыз сөз айталық.
Жазылған, жазылып жатқан әрбір көркем туындылардың айтар ойы мен ұсынар қағидаты айқын да дәл, жас оқырманның ойындағыны дөп басатын және оқыған үстіне оқи түсіп, өмірлік ұстанымына игі ықпалын тигізіп, күрескерлік қабілетін арттыра түскені мақұл. Бұл не дерсіз?
Бірінші. Біз соңғы жылдары көбіне өткенді күңірене еске алып, тарихқа кеткен есемізді еселеп айтып, «апырмай, нені бастан өткермедік» деген сыңайда сөз саптауды қалыпты жағдайға айналдырып бара жатқандаймыз. Ал, бұның астарында жас ұрпақты жігерлендіруден бұрын, алға ұмтылдырудан бұрын, «қап, қап» дегізіп, еңсесін езе түсу синдромы тасаланып тұрған жоқ па? Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы жұртшылығымен кездесу кезінде (21.03.2026): «…Қазақ халқының өткен тарихын қасіретке толы күрделі тарих деп күмәнсіз айтуға болады, оның бәрін жақсы білесіздер. Бірақ, қазіргі заманда бұл тақырыпты қайта-қайта айтып, қара бұлтты төндірудің, мұңға батудың қажеті жоқ» деп айта келе, одан соң «алға қарай зор үмітпен қарап, ілгерілеу заманына сай өз болмысын өзгертіп, бейімдеп өмір сүру» керектігіне негізгі басымдық берді. Дұрыс па? Біздіңше, дұрыс ой. Демек, қазіргі уақыт жігерлендіруші, қанаттандырушы, ой мен қиялға ұшқырлық сыйлайтын шығармалар көбірек жазылғаны мақұл болар? Бізге, расында, «қоңыр мұңды қолтықтаушы» емес, айбынды, күрескер, алға қарай нық сеніммен ұмтылушы кейіпкер (қай саланың маманы болса да) барынша көп керек заман туғанын мойындауымыз парыз.
Екінші. Халқымыздың ежелден жалғасып келе жатқан атадәстүрі бар, салт-санасы бар, әдеп пен мәдениет мектебі бар. Біз, қаламгерлер, осы әдеп-мәдениет деген «асыл қазына» жолын қаншалық деңгейде өз шығармаларымызға батыл кіргізіп, тәрбие тетігіне айналдыра алдық? Ойдан шығарып отырған сөз-бастау емес бұл. Ел Президенті медицина саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде (18.06.2026): «…Өркениетті мемлекет құру үшін бірінші кезекте халықтың мәдениеті жоғары болуы тиіс. Мұның бәрі, тағы да атап өткім келеді, әдеп сақтау, өзін дұрыс ұстау, өзара құрмет көрсету сынды негізгі қағидалардан басталатыны анық» деп нақтылап көрсетті. Көркем әдебиет, достар-ау, ең бірінші кезекте адамға ой салушы, анықтап айтсақ, тәрбиелеуші құрал ғой. Егер шығармадағы кейіпкер (мейлі өмірде болған, мейлі ойдан шығарылған болсын) әдептілік пен ізеттілікті, құрмет пен сыйластықты, мәдениет пен мейірімділікті мүлде мансұқ еткен, аузына не түссе соны айта салатын, өзіне жеңіл, бірақ «өзгеге ауыр» тиетінін ескермейтін, былайша айтқанда, өнегесінен гөрі «опындырар әрекеті» басым түсіп жатса, одан ұтарымыз қайсы? Біздің жастау күнімізде бір ғана «Тимур және оның командасы» (А.Гайдар) шығармасы қаншама миллиондаған жас ұрпақтың санасын жаулап алып, шетімізден «тимуршы» болып кете жаздаған жоқ па едік? «Менің атым -Қожа» (Б.Соқпақбаев) повесін жастана жатып оқып, кітап кейіпкерінен адалдық, турашылдық, бірсөзділік іспетті көп жақсы қасиеттерді үйреніп, бойға сіңіргеніміз жасырын ба?
Енді осы жоғарыдағы екі мысалдың айналасында кішкене ойтұжырым жасап алуға да болатындай. Қазіргі заманда жастарды, жас ұрпақты дұрыс жолға бағыттап, жақсы тәрбие берудің төте жолы – әрбіреуін кітап оқуға жетелеу! Кітап оқыған, кітаптың мән-мазмұнын терең түсініп, барынша бойына сіңіре білген жас өскін ешқашан көргенсіз, тексіз, ұятсыз, қайырымсыз ұрпақ болмақ емес. Бола алмайды да.
Кітап – тәрбиеші! Кітап — әдеп! Кітап – кісінің жан әлемін тазартушы, сәулелендіруші. Шуақтандырушы! Егер осы тұжырымға бас изеп, ой тоқайластырар болсақ, ендігі кезекте қазіргі қалам ұстаған азаматтарға жүктелер жүк те, салмақ та ауырлай түспек. Неге?
Өйткені, қаламгерлер алдында заманауи, шыншыл, тартымды оқиға қиюластыру, дара образ (инженер ме, дәрігер ме, мұғалім бе, дипломат па, бәлкім ірі кәсіпкер…) ойластыру, өзгеше кейіпкер таңдау және ол шығарманы кез-келген оқырман оқитындай деңгейде қызғылықты етіп жазып шығу міндеті айбарақтап тұр. Кейіпкер, әрине, әр түрлі саланың маманы болып жатса, ол жақсы-ақ. Тіпті солай алу керек те! Бірақ, кез-келген қаламгер кез-келген мамандық иесінің толыққанды образын (талас-тартыс үстінде, қым-қиғаш пікірлер сайысы деңгейінде, т.б.) жасауға қауқарлы ма? Ол оңай «асу» ма? Бұл – үлкен сұрақ! Талант дейсіз бе? Әлбетте, алдымен керегі – хас таланттың аршындап шабуы! Төгілте жазуы! Көркемдік деген алып шыңға бауырлап емес, қалықтап ұшып, емін-еркін құлаш ұруы! Содан соңғысы — келер заман ұрпақтары алдындағы әуезе етіп айтар азаматтық жауапкершілік. Жазғаныңның арғы астарында, кейіпкерің кім болса да, «мынадай ойым бар еді» дейтіндей, жүрек жылытар жарық сәуле нұр шашып тұрса кәні? (Әрине, ол – кейіпкердің жан әлеміндегі бұлқыныстар мен толғаныстардан бастау алып жатады ғой).
Қысқасы, Мемлекет басшысы бар қазаққа арнап, ұран етіп ұсынғандай, «Кітап оқитын ұлтқа» айналудың басты тетігі, тіпті негізгі кілті, құрметті қаламгер бауырлар, енді сіз бен біздің қолымызда! Тоқырап қалмай, ізденіс үстіне ізденіс, жаңа заманның өнегелі де өміршең кейіпкерін сомдап, (кейде жағымды емес, жағымсыз образ арқылы да меңзеу-ой, сақтандыру-ой айтуға болады), оқырманды өзіне баурайтын жаңа туындылар туғызуға деген құлшыныс сезімі бір сәт те суымағаны керек-ақ! Осы ой қиялымыздан шықпай, әрдайым мазалап отырса, нұр үстіне нұр!
Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНІҢ ТҮПКІ ТЕТІГІ – ӘДЕБИЕТ (Сындарлы уақыттағы қаламгерлік жайлы ой)
| 18 просмотров
Поделиться:

