29 октября 2023 года - День общенационального траура в Республике Казахстан
Вторник, 11 августа

Жаңа нысандар мен инвестициялар: Көкшетау қалай өзгеруде

Көкшетауда биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында экономика мен әлеуметтік салада оң динамика сақталды. Қалаға тартылған инвестиция көлемі мен құрылыс жұмыстарының қарқыны артып, жалақы деңгейі өсті. Сонымен қатар тұрғындар үшін маңызды нысандардың құрылысы мен жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Көкшетау қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев мәлімдеді.

Алты айдың қорытындысы бойынша қала экономикасына 70 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған. Оның басым бөлігі – 94 пайыздан астамы жеке бизнеске тиесілі.

«Бүгінде Көкшетаудың экономикалық өсімінің негізгі факторларының бірі – бизнестің белсенді қатысуы. Жеке инвестициялардың үлесі 94 пайыздан асып отыр. Бұл қаланың инвестициялық тартымдылығы сақталып отырғанын көрсетеді», – деді Әнуар Күмпекеев.

Құрылыс саласында да өсім байқалады. Жыл басынан бері қалада 40 млрд теңгеге жуық құрылыс жұмыстары орындалған. Өткен жылмен салыстырғанда бұл саладағы өсім шамамен 20 пайызды құрады.

Жұмыспен қамту бағытында да оң өзгеріс бар. Көкшетаудағы жұмыссыздық деңгейі 3,8 пайыздан 3,7 пайызға төмендеген. Ал орташа жалақы шамамен 400 мың теңгеге дейін өскен. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен де, облыстық орташа деңгейден де жоғары.

Әкімнің айтуынша, экономикалық өсім қаланың келбетін өзгертетін нақты жобалардың жүзеге асуымен қатар жүріп жатыр.

«Біз үшін экономиканың дамуы қала тұрғындарының өмір сапасынан көрінуі маңызды. Сондықтан инвестиция тартумен қатар, абаттандыру, инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй және әлеуметтік нысандар салу бағытындағы жұмыстарды жалғастырып жатырмыз», – деді қала әкімі.

Солардың бірі – «Жаңа жағалау» аумағын одан әрі дамыту жобасы. «Жаңа жағалау-2,3» жобасы қолданыстағы аумақты қайта жаңғыртуды және ұзындығы шамамен 2 шақырым болатын жаңа учаске салуды көздейді. Сонымен қатар мұнда заманауи «Қопа жағажайы» пайда болады. Жобаның жалпы аумағы 17 гектардан асады.

Қаладағы тағы бір ірі жоба – «Бәйтерек» экопаркі. Оны салу үшін қала аумағынан 25 гектар жер телімі белгіленген. Жобаны келесі жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Тұрғын үй құрылысы да жалғасуда. Қолданыстағы бағдарламалар аясында Көкшетауда 180 жалдамалы пәтер және шамамен 380 кредиттік тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Жаңа оқу жылына дайындық аясында білім беру нысандарын жаңарту жұмыстары да жүргізілуде. №12 және №16 мектептерде күрделі жөндеу, тағы сегіз мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар «Қуаныш», «Сәуле» және «Ертөстік» балабақшалары жаңартылады. Мектептер үшін шамамен 29 мың жаңа оқулық сатып алынған.

Медициналық инфрақұрылымды дамытуға да басымдық берілген. Қалада ауданы шамамен 111 мың шаршы метр болатын көпбейінді облыстық аурухана жобасы жүзеге асырылуда. Жаңа нысанды заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жоспарланған.

Қалалық инфрақұрылымның маңызды бағыттарының бірі – қоғамдық қауіпсіздік. Қазіргі таңда Көкшетауда 840-тан астам бейнебақылау камерасын қамтитын бірыңғай жүйе жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында орнатылған. Жүйе «қызыл аймақтарды» бақылауға, оқиғаларға жедел әрекет етуге және құқық бұзушылықтарды тіркеуге мүмкіндік береді.

Қаланы алдағы жылыту маусымына дайындау жұмыстары да күн тәртібінде. 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына коммуналдық инфрақұрылымды әзірлеуге шамамен 6,4 млрд теңге қарастырылған. Қаражат жылу желілері мен магистральдарын, сондай-ақ қазандықтардың жабдықтарын жөндеуге және қайта жаңғыртуға бағытталады.

Осылайша, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында Көкшетауда экономикалық өсім қарқыны сақталып, қалалық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары қатар жалғасуда. Тартылған инвестициялар тек бизнесті дамытуға ғана емес, тұрғын үй, әлеуметтік нысандар, қоғамдық кеңістіктер мен коммуналдық желілерді жаңартуға да бағытталып отыр.