Республика күніне орай Көкшетауда «Republic Day» және «Bereke Fest» республикалық акциялары жалғасуда. Бастама аясында қала тұрғындары мен қонақтарына азық-түлік және азық-түлік емес тауарларды тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік берілген.
Акциялар 17 қазанда басталды. Арнайы ұсыныстардың белсенді кезеңі 21–27 қазан аралығын қамтиды. Жекелеген тауар санаттарына 10%-дан 50%-ға дейін жеңілдіктер қарастырылған. Жалпы, Ақмола облысында акцияларға 20-ға жуық сауда нысаны қатысуда. Олардың қатарында сауда үйлері, сауда орталықтары, супермаркеттер мен базарлар бар.
ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің Ақмола облысы бойынша басшысы Самат Сайдалиннің айтуынша, акциялардың негізгі мақсаты – тұрғындар үшін қажетті тауарлардың қолжетімділігін арттыру, тұтынушылық сұранысты қолдау, ішкі сауданы жандандыру және отандық өнімдердің өткізілуіне ықпал ету.
«Мұндай бастамалар тұрғындарға қажетті тауарларды тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ішкі сауданы қолдап, тұтынушылық сұранысты арттыруға және отандық өнімдердің саудасын дамытуға бағытталған», – деп атап өтті Самат Сайдалин.
Акцияға қатысушы сауда желілерінің бірі – «Союз». Желінің коммерциялық директорының айтуынша, дүкендерде Республика күніне орай бірқатар тауарға 20%-дан 50%-ға дейін жеңілдіктер енгізілген.
«Біз акция аясында тұрғындарды тиімді ұсыныстармен қуантуды жөн көрдік. Жеңілдіктер азық-түлікке де, тұрмыстық химия өнімдеріне де қолданылады. Атап айтқанда, жармалар, макарон өнімдері, тәттілер, шұжық өнімдері, сусындар мен шырындар, сондай-ақ тіс пасталары, сусабындар және тазалық құралдары ұсынылған. Тұрғындарды осы мүмкіндікті пайдаланып, қажетті тауарларды тиімді бағамен сатып алуға шақырамыз. Акцияға қатысатын өнімдер туралы ақпаратты әлеуметтік желідегі парақшамызда жариялап отырамыз», – деді ол.
📌 Еске салайық, «Republic Day» және «Bereke Fest» акциялары 27 қазанды қоса алғанға дейін жалғасады. Қатысушылар мен арнайы ұсыныстар туралы қосымша ақпаратты Ақмола облысы әкімдігінің ресми интернет-ресурсынан алуға болады.

