29 октября 2023 года - День общенационального траура в Республике Казахстан

Қазақстанда азаматтарды қаржылық алаяқтардан қорғау тетіктері күшейтілуде

Қаржылық алаяқтық бүгінде азаматтардың қауіпсіздігіне төнетін өзекті қатерлердің бірі болып отыр. Алаяқтар банк немесе мемлекеттік орган қызметкерлері ретінде хабарласып, түрлі психологиялық тәсілдерді қолданып, азаматтарды несие рәсімдеуге көндіреді, жеке деректерін иемденіп, заңсыз қаржылық операциялар жасайды. Осыған байланысты елімізде азаматтарды қаржылық алаяқтықтан қорғауға бағытталған жаңа тетіктер кезең-кезеңімен енгізілуде.

Соңғы жылдары іске қосылған тиімді құралдардың бірі – «Стоп-кредит» қызметі. eGov порталы арқылы кез келген азамат өз атына банк несиелері мен микроқарыздарды рәсімдеуге ерікті түрде тыйым сала алады. Тыйым туралы мәлімет барлық банктер мен микроқаржы ұйымдарына автоматты түрде жолданады. Егер қаржы ұйымы бұл шектеуді елемей несие рәсімдесе, жауапкершілік сол ұйымның өзіне жүктеледі.

Алаяқтардың ықпалымен рәсімделетін несиелердің алдын алу мақсатында елімізде «салқындату кезеңі» енгізілді. Ірі көлемдегі онлайн несие мақұлданғаннан кейін қаражат бірден берілмейді. Осы уақыт ішінде банк қосымша тексеру жүргізіп, клиенттің несие алуға деген ниетін қайта растайды. Бұл тәсіл алаяқтардың психологиялық қысымына ұшыраған азаматтарды қорғауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар алғаш рет ірі көлемдегі кепілсіз несие рәсімдейтін азаматтарға, сондай-ақ 21 жасқа толмаған және 55 жастан асқан тұлғаларға қатысты қосымша қауіпсіздік талаптары қарастырылған. Кейбір жағдайларда мұндай несиелерді қашықтан рәсімдеу шектеліп, банк бөлімшесіне жеке келу немесе мемлекеттік цифрлық сервистер арқылы қосымша растау қажет болады.

Қазіргі таңда биометриялық сәйкестендіру де міндетті қауіпсіздік шарасына айналды. Онлайн несие алу кезінде азаматтың жеке басы міндетті түрде биометриялық деректер арқылы расталады. Сонымен қатар банктер өтінім берілген құрылғыны, күмәнді әрекеттерді және телефонды қашықтан басқару белгілерін талдап, алаяқтық тәуекелі анықталған жағдайда операцияны тоқтата алады.

Қаржылық қылмыстардың алдын алуда 2024 жылдың шілде айынан бері жұмыс істеп келе жатқан Қазақстан Ұлттық Банкінің *Антифрод орталығы* маңызды рөл атқарады. Бұл жүйе банктерді, байланыс операторларын және құқық қорғау органдарын біріктіріп, күмәнді операцияларды жедел анықтауға, заңсыз ақша аударымдарын бұғаттауға және ұрланған қаражаттың шығарылуына жол бермеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар SIM-карталарды тіркеу тәртібі де күшейтілуде. Жаңа нөмірлерді рәсімдеу кезінде биометриялық сәйкестендіру қолданылады. Байланыс операторлары алаяқтық мақсатта пайдаланылатын телефон нөмірлерін анықтап, бұғаттау жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ өз банк карталары мен шоттарын үшінші тұлғаларға пайдалануға берген азаматтарға, яғни дропперлерге қатысты бақылау да күшейтілді.

Егер алаяқтар азаматтың атына заңсыз несие рәсімдеп үлгерсе, ең алдымен банкке және құқық қорғау органдарына дереу хабарласу қажет. Тергеу жүргізілген кезеңде өсімпұлдар мен айыпақыларды есептеу тоқтатылуы мүмкін. Ал қаржы ұйымы заңмен белгіленген қауіпсіздік талаптарын сақтамаған жағдайда, заңсыз рәсімделген берешек есептен шығарылуға жатады.

Мамандардың айтуынша, қаржылық алаяқтықтан қорғанудың ең тиімді жолы – қаржылық сауаттылықты арттыру. Азаматтарға банк картасының деректерін, SMS арқылы келетін растау кодтарын, жеке мәліметтерді бөгде адамдарға бермеу және күмәнді қоңыраулар түскен жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, банкпен тек ресми байланыс арналары арқылы хабарласу ұсынылады.

Дереккөз: Fingramota.kz қаржылық сауаттылықты арттыру порталының материалдары негізінде дайындалды.