29 октября 2023 года - День общенационального траура в Республике Казахстан
Четверг, 20 августа

Целиноград ауданында 24 мыңнан астам тұрғын газға қол жеткізді

Ақмола облысының Целиноград ауданында Қаражар және Қараөткел ауылдарын газдандыру жұмыстары аяқталды. Жалпы ұзындығы шамамен 240 шақырым болатын жаңа газ тарату желілері тартылып, 24 мыңнан астам тұрғынның табиғи газға қол жеткізуіне мүмкіндік жасалды. Сонымен қатар жұмыстар бастапқы белгіленген мерзімнен бұрын аяқталды. Алғашқы жоспар бойынша газ беру 2028 жылы басталуы тиіс болған, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Қаражар аудан бойынша толық газдандырылған жетінші, ал Қараөткел сегізінші елді мекен болды. Нысандардың бір магистральдық газ желісінің бойында орналасуы жұмыстарды қатар аяқтауға мүмкіндік берді.

«Газдандыру – тек коммуналдық инфрақұрылымды дамыту емес. Бұл – экологиялық жағдайды жақсарту, тұрғындардың отынға жұмсайтын шығынын азайту және өмір сүру сапасын арттыру. Әсіресе елорда маңында қарқынды дамып келе жатқан елді мекендерді заманауи инженерлік желілермен қамтамасыз ету маңызды», – деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.

Қаражар ауылында шамамен 53 шақырым газ желісі тартылды. Нәтижесінде 5 мыңға жуық тұрғын табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болды.

Қараөткелдегі құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілді. Алғашқы екі іске қосу кешені өткен жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілсе, биыл тағы үш кешеннің құрылысы аяқталды. Жаңа желілердің жалпы ұзындығы шамамен 185 шақырымды құрайды. Ауылда 4 мыңнан астам аула бар, қазіргі таңда шамамен 1,5 мың абонент газбен жабдықтау жүйесіне қосылған.

Жоба аясында тұрғындарды қолдау шаралары да қарастырылған. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға газ тұтыну ақысына 20 пайызға дейін жеңілдік беріледі. Ал аз қамтылған отбасыларға тұрғын үйді газға қосу үшін 70 АЕК-ке дейін біржолғы көмек көрсетіледі.

Жұмыс сапары барысында Марат Ахметжанов Қаражар ауылындағы Нурхановтар отбасының үйіне барды. Мұнда газ плитасы іске қосылып, табиғи газдың алғашқы жалыны жағылды.

«Бұрын қыс мезгілінде көмір дайындап, пешті үнемі бақылауға тура келетін. Қазір үйде тұру әлдеқайда ыңғайлы. Отбасымыздың күнделікті өмірінде бұл – үлкен өзгеріс», – деді Нурхановтар отбасы.

Айта кетейік, бүгінде Ақмола облысы халқының 28 пайызы, яғни шамамен 220 мың адам табиғи газға қол жеткізген. Өңірдегі елді мекендерді газдандыру заманауи коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың негізгі бағыттарының бірі болып қала береді.

Целиноград ауданында газдандыру жұмыстары жалғасуда. Биыл Қызылсуат ауылында желілер тартылып жатыр. Жоба аяқталғаннан кейін мұнда шамамен 3 мың тұрғын табиғи газға қол жеткізеді.

Сонымен қатар газдандырудың келесі кезеңіне тағы алты ауылды – Ақмол, Қабанбай батыр, Өтеміс, Қызылжар, Нұресіл және Қажымұқан елді мекендерін қосу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта аталған ауылдар бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Жобаларды іске асыруды келесі жылы бастау көзделген. Олар 30 мыңнан астам тұрғынды қамтиды.