25 сентября 2026 года – День общенационального траура в Республике Казахстан

Ақмола облысының отбасы «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының лауреаты атанды

Бір шаңырақ астында үш ұрпақтың тату-тәтті өмір сүріп, әулет тарихының жеті онжылдыққа жуық уақытты қамтуы сирек кездесетін жағдай. Бұған Ақмола облысы Қосшы қаласындағы Ілиясовтар әулеті дәлел. Бүгінде бұл үлкен әулет балаларды, немерелерді, шөберелер мен шөпшектерді біріктіріп отыр. Ал әулеттің үлкені Қарлығаш апаның жасы 85-те. Дәстүрді берік сақтап, бір-біріне қолдау көрсетіп келе жатқан отбасының өнегелі тарихы республикалық деңгейде мойындалды. Ілиясовтар «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының лауреаты атанып, екі миллион теңге көлеміндегі сертификатқа ие болды.

Марапаттау рәсімі Астана қаласында өтті. Биыл байқауда еліміздің әр өңірінен қатысқан 20 отбасы жеңімпаз атанды. Қатысушыларды ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев құттықтап, өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі және ұлттық құндылықтарды сақтаудағы отбасының маңызды рөлін атап өтті.

Марапатталғандардың қатарында 68 жылдық тарихы бар Ілиясовтар әулеті де бар. Үлкен әулеттің негізін Саламат Шахманұлы мен Қарлығаш Жұмабайқызы қалаған. Ерлі-зайыптылар төрт бала тәрбиелеп өсірді. Кейін олардың әрқайсысы өз алдына шаңырақ көтерді. Бүгінде әулетте 12 немере, 33 шөбере және екі шөпшек бар.

1992 жылы Саламат Ілиясов 52 жасында өмірден өтті. Содан бері отбасылық ошақтың шырағын сөндірмей, үлкен әулеттің басын біріктіріп отырған – Қарлығаш Жұмабайқызы. Жасы 85-ке келсе де, ол әлі күнге дейін ұрпағының ортасында сый-құрметке бөленіп келеді.

Ілиясовтар отбасының ерекшелігі – бүгінде бір шаңырақ астында үш буын әйелдің бірге тұруы. 85 жастағы Қарлығаш апамен бірге оның келіні Сұлуай Қуанышқызы және Сұлуайдың келіні Райхан бір үйдің шаруасын дөңгелетіп отыр. Әрқайсысының өмірлік тәжірибесі, мінезі мен дағдысы әртүрлі болғанымен, олар ортақ шаруаны бірге атқарып, бір-біріне көмектеседі әрі үлкендердің салған сара жолын жалғастырып келеді.

Жылдар өте әулет өсіп-өніп, оның мүшелері түрлі мамандықты таңдады. Үлкен ұлы Ғабиден Ілиясұлының еңбек жолы педагогика саласымен тығыз байланысты. Ол Целиноград, қазіргі Ақмола ауданындағы білім беру жүйесінде 40 жылға жуық еңбек етті.

Ал оның інісі Қазбек бүгінде немерелерін өзі тәрбиелеп, оларға ата-анасынан алған тәлім-тәрбиені беріп келеді. Қызы Бағила Дамишева мемлекеттік қызмет саласын таңдаған. Ол Қарағанды облысы Егінді ауылдық округі әкімінің аппаратында бас маман болып жұмыс істейді. Үш бала тәрбиелеп өсірген Бағила бүгінде 11 немеренің әжесі.

Тағы бір қызы Алмагүл Қуатбекова да отбасындағы ұстаздық дәстүрді жалғастырған. Ол Қарағанды облысындағы Талғат Бигелдинов атындағы мектепте математика пәнінен сабақ береді. Еңбек жолында кәсіби байқауларда бірнеше рет жүлделі орындарға ие болып, түрлі деңгейдегі марапаттармен марапатталған.

Қарлығаш Жұмабайқызының 85 жас мерейтойына қызы Бағила ерекше сый жасады. Ол анасына арнап «Өмір жолындағы отбасылық естеліктер» атты кітап дайындаған. Басылымда ата-анасының өмірі, еңбек жолы, бала тәрбиесі мен отбасылық дәстүрлер туралы естеліктер жинақталған. Осылайша, Ілиясовтар әулетінің кейінгі ұрпақ оқып, таныса алатын өз шежіресі жарық көрді.

«Мерейлі отбасы» байқауындағы марапат үлкен әулеттің тарихындағы тағы бір маңызды оқиға болды. Ұлттық байқау Қазақстанда 2014 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде Ақмола облысынан ғана екі мыңнан астам отбасы қатысқан. Жыл сайын байқау аясында отбасылық дәстүрлерді сақтап, бала тәрбиесіне ерекше мән беретін және өмірлік тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізіп жүрген өнегелі отбасыларға құрмет көрсетіледі.