29 октября 2023 года - День общенационального траура в Республике Казахстан
Вторник, 11 августа

Ақмола облысында «Абай дана» байқауы өтті

Бүгін өңірде Абай күніне арналған облыстық «Абай дана» байқауы өтті. Оған облыстың қалалары мен аудандарынан келген жастар қатысып, ұлы қазақ ақынының «Қара сөздеріне» қатысты өз пайымдарын ортаға салды, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.

Байқауды Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Іс-шара Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өтті.

Байқаудың негізгі мақсаты – Абайдың рухани мұрасын жастар арасында кеңінен насихаттау. Қатысушылар ақын шығармаларын білу деңгейін ғана көрсетіп қоймай, оның философиялық ойларының қазіргі қоғам үшін маңызына қатысты өз пікірлерін білдірді.

Байқауға Ақмола облысының аудандары мен қалаларынан келген жастар, сондай-ақ қатысуға ниет білдірген барлық жас азаматтар қатысты. Сайыс екі кезеңнен тұрды. Финалдық кезеңде қатысушылар Абайдың «Қара сөздерінің» бірін таңдап, оның мазмұнын ашып, шығармада көтерілген ойлардың бүгінгі күндегі маңызын түсіндіруі тиіс болды.

«Абай – қазақ халқының рухани әлемінің дамуына орасан зор үлес қосқан көрнекті тұлға. Оның шығармалары, өлеңдері, музыкалық мұрасы мен «Қара сөздері» өскелең ұрпақты тәрбиелеуде үлкен маңызға ие. Олар білім мен еңбектің құндылығын түсінуге, адалдық пен жауапкершілікке үйретеді. Әсіресе бүгінгі жастардың Абай мұрасына өздері қызығушылық танытып, оны қатарластары арасында насихаттауға ұмтылысы қуантады», – деді байқау қазылар алқасының мүшесі, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, еңбек сіңірген педагог, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, абайтанушы Аманжол Ысмағұлов.

Байқау қорытындысы бойынша үшінші орынды Нұрай Қабдрашит, екінші орынды Батырбек Хуан иеленді. Ал байқаудың бас жүлдесіне Перизат Пазыл лайық деп танылды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Айта кетейік, Қазақстанда Абай күні жыл сайын 10 тамызда аталып өтеді. Бұл атаулы күн ұлы қазақ ойшылының әдеби және рухани мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған.

Гүлнұр Арапбай