29 октября 2023 года - День общенационального траура в Республике Казахстан
Понедельник, 29 апреля

Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Беларусь елінің әскери өкілдерімен кездесті

Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Беларусь Республикасы Ішкі істер министрлігінің ішкі әскерлерінің делегациясы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақановпен «Спасск» оқу-жаттығу орталығында кездесу өткізді.

Біз сіздерді «Спасск» оқу орталығының аумағында көргенімізге қуаныштымыз. Қазіргі уақытта орталықта Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылықтар қолбасшылары, құрамалар мен әскери бөлімдер командирлері және олардың орынбасарларымен жедел дайындық бойынша оқу-әдістемелік жиындар өтуде. Бүгін олар түрлі қарулардан оқ ату бойынша тәжірибе алмасып жатыр. Бұл оқу-жаттығу жиындарына 80-нен астам офицерлер тартылған. Сондай-ақ осы кездесуді пайдалана отырып, сіздерге екі ел арасындағы әскери қарым-қатынастың нығаюына қосқан үлестеріңіз үшін шексіз алғысымды білдіремін

– деді генерал-лейтенант Еркін Ботақанов.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы мен Беларусь Республикасының ішкі әскерлері арасындағы ішкі қызметті және қауіпсіздікті ұйымдастыру перспективаларын талқылады.

Өз кезегінде Беларусь Республикасы Ішкі әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары генерал-майор Игорь Бурмистров делегация мүшелерін таныстыра отырып, Қазақстан Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығына жылы шырайда қарсы алғаны үшін алғысын білдірді.

Сондай-ақ генерал-лейтенант Еркін Советбекұлы делегация басшысы генерал-майор Игорь Бурмистровты «Ұлттық ұланның үздігі» төсбелгісімен марапаттап, естелік сыйлықтар табыс етті. Бұдан бөлек Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Беларусь елінің өкілдерін «Күрең берет» сынағына бақылаушы болуға шақырды.

Құрметті қонақтарға Ұлттық ұлан бөлімшелері «Заңсыз қаруланған қаскөйлерді іздестіру және олардың жолын кесу бойынша батальондық тактикалық топтың арнайы операциясы» тақырыбында жаттығулар көрсетті.

Осыдан соң қонақтар «КарЛаг» саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейіне экскурсия жасады. Генерал-майор Игорь Бурмистров «Мұражайдың құрметті қонақтары» кітабына қолтаңба қалдырды. Бұдан кейін меймандар «ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін құрбандары» мемориалына гүл шоқтарын қойды.

Шетелдік делегация бұған дейін де елорда төріндегі Бас қолбасшылықтың мәжіліс залында ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-майор Қайрат Ақтановпен кездесу өткізген еді. Ол кезде қонақтар құқықтық-тәртіп әскерінің қызметтік және жауынгерлік тапсырмасымен танысты.

Сонымен қатар олар 5573 әскери бөліміне барып, Елордалық жедел бригаданың қызметтік-жауынгерлік іс-әрекетімен және «Үркер» тұрғын алабындағы әскери қалашықтың инфрақұрылымымен танысты.

Еске салайық, 21 маусым күні Ұлттық ұланның басшылық құрамы Беларусь елінің өкілдері келген «Спасск» оқу-жаттығу орталығында түрлі қарулардан оқ ату бойынша сынақ тапсырды. Олардың оқу-әдістемелік жаттығулары Беларусь әскерилерінің сапарымен тұспа-тұс келіп отыр.

Командирлер бастаған қатысушылар БМП, БТР-80 техникаларынан үш бағытта ату жаттығуларын орындады. Сондай-ақ, олар танкке қарсы СПГ-9, РПГ-7, АГС-17 қаруларымен және жеңіл брондалған нысаналар мен жау әскерін жоюға арналған НСВ пулеметінен сынға түсті. ЗУ-23 зениттік пулеметінен нысаналарды жойды.

Әр жарты жыл сайын Ұлттық ұланға қарасты әскери бөлімдердің командирлері мен олардың орынбасарларына арналған оқу-жаттығу жиындары өткізіліп тұрады. Ең біріншіден бізге жүктелген жауынгерлік тапсырмаларды іске асыру жөніндегі жаттығуларды орындаймыз. Сондай-ақ күнделікті қызметтегі іс-шараларды өткізудің сапасын арттыру мен командирлеріміздің бөлім мен бөлімшелерді басқарудағы тың тәсілдерін жетілдіруді мақсат етіп отырмыз. Бүгін, өздеріңіз куә болғандай, ҚР Қарулы Күштерінің қару-жарақтарын қолдануды үйретіп жатырмыз. Мәселен, БМП-2, БТР-дің қару-жарағынан және СПГ секілді үлкен колибрлі гранатометтер мен минометтерден, зениттік қарудан оқ ату тәсілдерін көрсеттік. Оның бәрі командирлерімізге қызмет атқару кезінде керек болады. Барлық басшылық құрамды жинап, осындай оқу -жаттығуды ұйымдастырудың маңызы зор

— деді Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов.

Оқу-әдістемелік жиынның пайдасы орасан деген пікірді қатысушылар да қуаттап отыр.

«Орталық» өңірлік қолбасшылығының ұйытқы болуымен Ұлттық ұланның командирлері мен жауынгерлер жөніндегі орынбасарлары оқу-әдістемелік оқуға қатысып жатыр. Осы жиында біз Ұлттық ұлан жауынгерлері қолданатын қару түрлерінен оқ атып, шеберлігімізді шыңдадық. Сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің базасындағы көп қару түрлерін қолданып, жаттығулар орындадық. Бұл офицерлердің барлық қару-жарақтан оқ ату қабілетін арттырып, тәжірибе алмасуға септігін тигізеді

— деді 5513 әскери бөлімінің командирі подполковник Ғазиз Кәдірбек.

Айта кетейік, атыс жаттығуларына Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бауыржан Әбжанов жетекшілік жасады. Ұлттық ұланның командирлері бастаған басшылық құрамның сапасын арттыруға арналған жиын ертең де жалғасын табады. Ал 24 маусым күні оқу-әдістемелік жиын мәресіне жетеді.

Мы в Instagram! Подпишись, чтобы быть в курсе новостей!