29 октября 2023 года - День общенационального траура в Республике Казахстан

Конституциялық реформаның ең басты мақсаты мемлекеттілігіміз бен Тәуелсіздігімізді нығайту — Әшімбаев

Елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның әр қазақстандыққа тікелей қатысы бар. Соның ішінде жастар үшін бүгінгі өзгерістердің маңызы зор. Себебі Жаңа Қазақстанның иесі де, оның қозғаушы күші де қазіргі жас буын екені анық. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сондықтан бір топ сенатормен бірге Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-түрік халықаралық университетінің оқытушыларымен және студенттерімен кездесіп, қолға алынған саяси бастамаларды жан-жақты талқыладық. Өзгерістер, ең алдымен, адам құқығын қорғауды, әділеттілік қағидаты мен заң үстемдігін қамтамасыз етуді және баршаға бірдей тең мүмкіндік жасауды көздейді. Парламенттің рөлі мен халық алдындағы жауапкершілігін күшейту де негізгі міндеттердің бірі. Жергілікті атқарушы және өкілді органдардың дербестігін арттыру, саяси монополияны болдырмау үшін қолға алынған басымдықтардың да мәні жоғары. Кездесуде осы мәселелерге кеңінен тоқталып, конституциялық реформаның ең басты мақсаты мемлекеттілігіміз бен Тәуелсіздігімізді нығайту екенін айттым

-деп жазды Сенат төрағасы.

Осы ретте жастарымыздың белсенділігін ерекше атап өткім келеді. Олар жаңару мен жаңғыру жолындағы істерге атсалысуға дайын екендерін жеткізді. Облысқа сапар барысында өңірдегі әлеуметтік кәсіпкерлермен де кездестім. Бұл сала Сенаттың басты назарында екені мәлім. Осы бағытта еңбек етіп жүрген түркістандық кәсіпкерлер бүгінгі реформалардан үлкен үміт күтетіндерін айтты. Облыстағы әлеуметтік кәсіпкерліктің жай-күйі мен оны әрі қарай дамыту мәселесі де әңгімемізге арқау болды. Кентау қаласындағы трансформатор зауытына да арнайы ат басын бұрдық. Зауыт ұжымымен кездесуде саяси өзгерістердің салмағы мен негізгі басымдықтарын сөз еттік. Жаңа Конституцияда әр азаматтың, оның ішінде еңбек адамдарының құқығын қорғауға және барлық салада әділеттілік орнатуға басымдық берілетінін айттық. Осы орайда Түркістан жұрты алдағы референдумге белсенді қатысып, Жаңа Қазақстан құру ісіне үлкен үлес қосады деп сенеміз және соған шақырамыз

-дейді Мәулен Әшімбаев.