56-бап негізінен Парламент мәжілісінің ерекше қарауына жататын міндеттерге негізделген.
2 тармақ, 4 тармақшадан тұратын бұл бап 2007 жылы толықтай жаңа редакцияда жазылған болатын. Иә, әдеттегідей бұл өзгертуді де қарапайым халық емес, Парламент палаталары өз еркімен өзгерткен еді. Ал осы жолы жаңа жоба бойынша 56-баптың 1-тармағының екі тармақшасы өзгеріске ұсынылды. Өзгерісті референдум арқылы халық өзі жасайды.
Анығырақ айтар болсақ, қазіргі қолданыстағы Конституцияда 56-баптың 1-тармағының 1-тармақшасында Парламент мәжілісі «Парламентке енгізілген конституциялық заңдар мен заңдардың жобаларын қарауға қабылдау және осы жобаларды қарауға» міндетті болатын. Енді жаңа жоба бойынша Парламент мәжілісі «Парламентке енгізілген конституциялық заңдар мен заңдардың жобаларын қарауға қабылдауға» ғана міндетті болады.
Екінші өзгеріске ұсынылған 56-баптың 1-тармағының 3-тармақшасы. Анығы – тармақша толықтырылды. Бұған дейін 56-баптың 1-тармағының 3-тармақшасы арқылы Парламент мәжілісі «Республика Президентінің кезекті сайлауын хабарлауға» міндетті болса, енді бұған «Жоғары аудиторлық палата төрағасының есебін жылына екі рет тыңдау» міндеті қоса жүктелді.
Аталған заңға ұсынылып отырған екі өзгерту де Мәжілістің халық талабына, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына бір табан жақындай түсетінін көрсетеді.
Сонымен, елдегі ең жоғарғы саяси институттың ерекше міндеттерін айқындайтын 56-бапқа тағы қандай өзгертулер енгізілгенін төменнен оқып көріңіз.
Айта кетейік, Конституциялық реформаға ұсынылған Ата заңымыздың жаңа нұсқасы жақында жарияланды. Ал ескі нұсқасы Ақорданың ресми сайтында жарияланған қазіргі кездегі қолданыстағы Конституциядан алынды.
56-бап
Жаңа нұсқада: 56-баптың 1-тармағында:
1) 1) тармақшадағы «және осы жобаларды қарау» деген сөздер алып тасталсын;
Ескі нұсқада: 56-баптың 1-тармағының 1-тармақшасы
1) Парламентке енгізілген конституциялық заңдар мен заңдардың жобаларын қарауға қабылдау және осы жобаларды қарау;
Жаңа нұсқада: 56-баптың 1-тармағында:
2) мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:
«3-1) Жоғары аудиторлық палата төрағасының есебін жылына екі рет тыңдау;».
Ескі нұсқада: 56-баптың 1-тармағының 3-тармақшасы
3) Республика Президентінің кезекті сайлауын хабарлау;
Естеріңізге сала кетейік, Конституциялық реформада өзгертілген баптар: 4-бап, 6-бап, 15-бап, 23-бап, 24-бап, 42-бап, 43-бап, 44-бап, 46-бап, 47-бап, 50-бап, 51-бап, 52-бап, 53-бап, 54-бап, 55-бап.