29 октября 2023 года - День общенационального траура в Республике Казахстан

Халықаралық байқаушы: Канада мен Қазақстандағы сайлауда үлкен айырмашылық жоқ

Канада сенаторы, Қазақстан-Канада парламентаралық ынтымақтастық тобының тең төрағасы Виктор Оу Қазақстандағы сайлау процесі қағаздағы талаптарға сәйкес өтіп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстандағы сайлау туралы пікірлеріңізді естідік. Бұл елге сайлау жүйесін жетілдіру үшін қандай кеңес берер едіңіздер?» деп сұрады ұлыбританиялық London Post басылымының тілшісі Канада мен Мексиканың байқаушыларынан.

Біздің көргеніміз бойынша айтсақ, бәрі жақсы өтіп жатыр. Дауыс беру процесі әлі жалғасып жатыр. Әзірге көргенімізден мәлімделген процедуралар іс жүзінде сақталып жатыр. Яғни, қағазда жазылған дүниелерге процедуралар сәйкеседі. Мен байқаушымын және байқау кезінде Канадада жұмыс істейтін жүйеден ешқандай айырмашылық көрмедім

— деді канадалық байқаушы.

Сондай-ақ, ол Қазақстандағы сайлауды өз еліндегі үдеріспен салыстырды.

Канаданың да демократиялық сайлауды қамтамасыз ететін өз жүйесі бар. Әзірше мен соншалық үлкен айырмашылық көрген жоқпын. Сіздерде бюллетень бар, ол құпия толтырылады. Кімге дауыс беретініңізді құпия белгілейсіз. Содан кейін барып урнаға саласыз. Мен бұл жерде жақсы жүйе бар деп топшылаймын

— деді канадалық байқаушы.

Бүгін еліміздегі 86 учаскеде дауыс беру өзге учаскелерден бір сағат бұрын басталды.

Орталық сайлау комиссиясының берген мәліметіне сүйенсек, елімізде дауыс беру құқығы бар 11 827 277 азамат тіркелген.

Олар республика аумағында орналасқан 10 101 сайлау учаскесінде дауыс береді. Ал 53 шет мемлекеттегі 68 учаскеде 12 527 Қазақстан азаматына дауыс беру мүмкіндігі жасалған.

Бұған дейін ОСК кезектен тыс президент сайлауының барысын 641 халықаралық байқаушы қадағалайтынын мәлім еткен еді.