29 октября 2023 года - День общенационального траура в Республике Казахстан

Елді барлық сынақтан сүріндірмей алып шығатын нағыз көшбасшы қажет — Мәулен Әшімбаев

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы бүгінгі халықтық коалицияның бірауыздан қабылдаған шешіміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кешелі бері еліміздегі ірі саяси күштер, республикалық қоғамдық бірлестіктер, ардагерлер мен жастар ұйымдары және басқа да ұжымдар алдағы президент сайлауына Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кандидатурасын ұсынып жатыр. AMANAT партиясының кезектен тыс XXIV съезінде де Мемлекет басшысын Қазақстан президенттігіне үміткер ретінде ұсыну туралы шешім қабылданғаны белгілі. Осыған орай, бүгін халықтық коалиция құрылып, оның құрамына енген барлық саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар бірауыздан Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасына қолдау білдірді. Бұл – мемлекеттілігіміз бен тәуелсіздігімізді нығайту жолында жасалған маңызды қадам. Өйткені, қазіргідей күрделі кезеңде бізге осындай ортақ пайым мен бекем бірлік ауадай қажет

— деп жазады Сенат төрағасы.

Мәулен Әшімбаев бүгін өткен қолдаушылар форумында Президенттің ел ынтымағына баса мән беріп, ұлтты ұйыстыратын жеті қағиданы айқындап бергеніне тоқталады.

Бұл орайда, Мемлекет басшысы Тәуелсіздік, жеріміздің тұтастығы, мемлекеттік мүдде, рухани үндестік, заңдылық пен тәртіп, жасампаздық және достық пейіл мен мейірімділік біздің елдік жолындағы ең басты құндылықтарымыз екенін айрықша атап өтті

— дейді ол.

Кейінгі жылдарда Президент бастамасымен елімізде ауқымды саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалар табысты іске асырылып келе жатқанын жазған Сенат төрағасы саяси жүйеміздің айтарлықтай жаңғыртылғанына назар аударады.
Сондай-ақ, қазіргі таңда бүкіл әлеммен бірге Қазақстан да түрлі жаһандық сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырғанын алға тартып, халықтық коалицияның ұсынысы ұтымды болғанын атап өтеді.

Осындай алмағайып шақта бізге елді барлық сынақтан сүріндірмей алып шығатын нағыз көшбасшы қажет. Осы тұрғыдан келгенде, көпшіліктің Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдауы халықтың Мемлекет басшысына деген сенімі екені сөзсіз. Сондықтан, халықтық коалицияның ұсынысы – еліміздің ертеңі үшін ең ұтымды шешім. Алдағы сайлау халқымыздың береке-бірлігін арттырып, мемлекет дамуының жаңа кезеңіне жол ашады деп сенеміз

— деп түйіндейді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетсек, бүгін елордада кезектен тыс Президент сайлауында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кандидатурасын қолдау жөніндегі халықтық коалицияның форумы өтті.

Баршаңыз ұсынған ортақ кандидат ретінде президент сайлауына түсу – мен үшін зор мәртебе

— деді Президент аталған форумда.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев жақын арада сайлауалды тұғырнамасын жария ететіндігін айтты.