Атам қазақ қашаннан «Ер екі сөйлемейді» деп келген. Бұл ұстаным жылдарды көктей өтіп, өзінің өміршеңдігін жойған жоқ. Өйткені, ер азамат деген атқа лайық болу жолында еркек кіндіктіге талай тар жол, тайғақ кешуден өтуге тура келеді. Сол жолда оған түрлі адам жолдас болады, оның бірі қиналғанда қол ұшын созып, сүрінгенде сүйенішке айналса, енді бірі адал достықтан гөрі, амал достықты таңдайды. Шын достар уақыт өте келе шиырланып, асау толқынға сенімен бірге құлаш сермей, қатар жүзеді, самайыңды ақ шалып, қарттыққа бой алдырған сәтте де жаныңнан табылады. Олармен әңгімең де таусылмайды, әзілің де бітпейді. Бұл шын достықтың нақты белгісі. Тағдырдың тезінен өткеннен кейін ғана, бәрін таразылай отырып, осындай шешімге келесің.
Өзіміз «Көкен» деп атайтын Әбділхасен Бағдатұлы Есмағамбетов жайлы айтқанда, бірден оның ақжарқын ақкөңілін, құшағы ашық қонақжайлығын, адами қасиетін тізбелеп жатсаң да артықтық етпейтінін түсінесің. Мұндай болмыс-бітімнің қалыптасуы оның арғы тегінің жақсы екенінің белгісі деп болжаймын. 1959 жылдың 7 ақпанында Бурабайдың баурайындағы қайыңы мен қарағайы қабаттаса өскен Қарабұлақ ауылында дүние есігін ашқан Әбділхасен балалық балғын шағын әсем де көркем табиғат аясында өткізді. Саф ауамен тыныстап, қара домалақ құрдастарымен құлын-тайдай тебісіп ержетті. Есмағамбетовтер әулетінің тұңғышы мектеп табалдырығын 1966 жылы туған ауылында аттап, білімді де білікті мұғалімдерден тәлім алады. Ол уақытта «ұстаз» деген ұлы тұлға саналатын, оның алдында кәріден жасқа дейін иіліп, құрмет тұтатын. Өйткені, сенің балаңды тәрбиелеп жатқан адамға ілтипат ерекше еді. Ата-ананың отбасында берген ұлағаты мен мектепте берілген білім бір-бірімен ұштасып жататын.
Әбділхасен Қарабұлақ сегізжылдық мектебін тәмамдап, әрі қарай білімін 1974-1976 жылдар аралығында Көкшетау қаласындағы мектеп-интернатта жалғастырды. Ауыл балаларына аталған білім ошағында тәрбиешілер екінші анасына айналатын. Туған топырағынан жырақтап көрмеген балалар үшін ана мейірімі қашанда керек. Сондықтан оны түйсігімен сезінетін тәрбиеші-ұстаздар әр балаға көңіл бөліп, оның жүріс-тұрысына, тәртібіне, оқуына ерекше назар аударатын. Қала деген тіршілігі қат-қабат келетін мекенде қызыққа құмартып кету оп-оңай. Сондықтан мектеп-интернаттың қара нанынан гөрі, тәрбиешілердің қамқорлығы қазақтың қара домалақтарының ерекше есінде сақталатын. Мектепті бітіріп, қолына аттестатын алған Әбділхасен 1977-1979 жылдар аралығында Жаңаөзен қаласында өзінің әскери борышын өтеді. Отан алдындағы міндетін абыроймен атқарған ол 1980 жылы Целиноград қаласында білімін жалғастырып, «машинист» мамандығын алып шықты. Алғашқы еңбек жолын Көкшетаудағы электрмен жабдықтау ЭЧ-6 станциясында машинист болып бастаған 22 жастағы маман, теміржолдың қыр-сырын меңгеріп, осы салаға 41 жылын арнады.
Әбділхасен Бағдатұлы теміржолдың нағыз майталман маманы ретінде өз ісінің шеберіне айналды. Еңбегі еленіп, талай марапаттарға ие болды. Әріптестерінің арасында сыйлы, абыройлы болғаны және кішіпейілдігімен ерекшеленгені өз алдына, қашанда елгезектігімен көзге түсіп, ортасына сыйлы жан ретінде құрметке бөленді. Саналы ғұмырын теміржол саласымен байланыстырып, зейнетке шықса да сарғайған суреттерге қарап, сол жылдарын сағынышпен еске алады.
Ер адамның отбасындағы тілекшісі жан жары дейтін болсақ, Әбділхасен Бағдатұлы осыдан 42 жыл бұрын өмірлік серігі Шолпанды кездестіріп, шаңырақ көтерген еді. Ақылды жарымен баянды ғұмыр кешіп, үш баланы өсіріп, жеткізді. Балалары өмірден өз орындарын тауып, елімізге түрлі сала маманы ретінде еңбектерін сіңіріп жатыр. Бүгінгі күні Әбділхасен мен Шолпан немере, жиен сүйіп отырған бақытты ата мен әже. Солардың тілеуін тілеп, орталарында аман жүргендеріне шүкіршілік етеді.
Өз басым Әбділхасеннің адами қасиетін ерекше бағалаймын және жоғары қоямын. Жолдастыққа берік жанның адалдығына еш шүбә келтіріп көргенім жоқ. Қашан көрсең жүзі жайдары, көңілі пәс, жан-жағына нұрын шашып жүргені. Менің жан досым Елемес Баймағамбетұлымен Әбділхасеннің туған бажа екенін білгенде, арамыз тіпті жақындай түсті. Оның жұбайы Мәкеннің Әбділхасеннің жары Шолпанмен апалы-сіңлілі болғанының өзі тағдырдың жазуы ма дерсің. Қазақта «Төрт аяқтыда бота тату, екі аяқтыда бажа тату» деген мақал бар ғой, сол сияқты Әбділхасен мен Елеместің қарым-қатынасы туған аға мен інінің сыйластығындай. Досыма дос қосылып, жолдасқа жолдас жұптасып, күні бүгінге дейін арамыз ажырамай, қызық-қуанышты бірге бөлісіп, жүріп жатқан жайымыз бар. Ұзағынан сүйіндірсін дегім келеді.
Әбділхасен Есмағамбетовті алпыстың бесеуіне алқынбай жетуімен құттықтаймын. Көкен досымның әрдайым жолы ашық, көңілі көктем, жарқын күндері көп болсын дегім келеді. Жұбайымен бала-шағасының қызығын көріп, бақуатты ғұмыр кеше берсін.