25 сентября 2026 года – День общенационального траура в Республике Казахстан
Понедельник, 12 октября

Көкшетауда «ROAD TO ASTANA 2027» эстафетасы аясында спорт фестивалі өтті

Көкшетауда 2027 жылы Астанада өтетін үстел теннисінен әлем чемпионатына
арналған «ROAD TO ASTANA 2027» ұлттық жобасының екінші кезеңі ұйымдастырылды.
«Kokshe Arena» спорт кешенінде халықаралық жарыстың ресми туы таныстырылып, қала
тұрғындары мен қонақтарына арналған спорт фестивалі өтті.
Фестиваль алаңында үстел теннисін ойнауға арналған орындар, интерактивті
ойындар, фотозоналар мен жергілікті өндірушілердің жәрмеңкесі жұмыс істеді.
Қолөнершілер мен өңір креаторларының көрмесінде авторлық бұйымдар мен
шығармашылық жұмыстар ұсынылды. Келушілер шеберлердің еңбегімен танысып, олардың
өнімдерін тамашалады.
Іс-шараның негізгі бөлімінде Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF)
ресми туы салтанатты түрде таныстырылды. Оны республикалық жарыстардың бірнеше
дүркін чемпионы әрі жүлдегері Меруерт Тәжімова мен үстел теннисінен Ақмола облысының
чемпионы Мансұр Құжынтаев алып шықты.
Салтанатты рәсімге Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев қатысып,
өңірдің «ROAD TO ASTANA 2027» ұлттық эстафетасын қабылдауына куә болды.
Спорттық бағдарлама жас теннисшілердің көрсетілім ойындарымен, командалық
жарыстармен және шапшаңдық пен дәлдікке арналған сайыстармен жалғасты. Қатысушылар
үстел теннисінен бақ сынап, түрлі ойындар мен спорттық флешмобқа қатысты.
Қазақстан ұлттық құрамасының жаттықтырушысы Геннадий Герасименко жас
спортшыларға шеберлік сабағын өткізді. Олимпиада ойындарына қатысқан теннисшілерді
тәрбиелеген маман қатысушылармен кәсіби тәжірибесін бөлісті.
Мәдени бағдарламада «Көкшетау» халық би ансамблі, «КамАлия» спорттық-бал биі
клубының бишілері Мәди Аманжол мен Кристина Ваганова, «Достар» мәдениет сарайының
әншісі Дариға Исмағұлова және «Шамшырақ» ансамблінің квартеті өнер көрсетті.
«ROAD TO ASTANA 2027» жобасының басты нышаны саналатын ресми ту
Қазақстанға Лондоннан жеткізілді. Еліміз оны 2026 жылы өткен әлем чемпионатында келесі
біріншілікті қабылдайтын мемлекет ретінде алды. Қазақстандағы эстафета Өскеменнен
басталып, Көкшетауда жалғасты.
Жоба аясында Бурабай курорттық аймағында да бейнетүсірілім жүргізілді. Әлем
чемпионатының туы Ақмола облысының табиғи көрікті жерлерінде түсіріліп, бұл кадрлар
халықаралық аудиторияға арналған бейнероликтер топтамасына енгізіледі.
Эстафетаның келесі аялдамасы – Ақтөбе қаласы. Мұнда да ресми туды таныстыру
рәсімі мен үстел теннисі фестивалі өтеді. Ұлттық жоба еліміздің шығыс, солтүстік, батыс
және оңтүстік өңірлерін қамтып, Астанада мәресіне жетеді.
2027 жылғы 22–30 мамырда Астанада Орталық Азия тарихында алғаш рет үстел
теннисінен әлем чемпионаты өтеді.