Қазақстанда 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Енді өз банк картасын, шотын немесе банктік деректерін басқа адамдарға сыйақы үшін беру ауыр құқықтық салдарға әкелуі мүмкін.
Дроппер – өзінің банк картасын, шотын немесе банктік қосымшасына кіру мүмкіндігін үшінші тұлғаларға беріп, олардың қаржылық операцияларды жүзеге асыруына жағдай жасайтын адам. Көп жағдайда мұндай адамдар өз шоттары арқылы қандай қаражаттың өтіп жатқанын және оның қандай мақсатта пайдаланылатынын білмеуі мүмкін.
Алайда бәрі қарапайым ұсыныстан басталады. Мәселен, «оңай ақша табудың жолы», «картаңа ақша түседі, белгілі бір бөлігін өзіңе қалдырасың» немесе «картаңды уақытша пайдаланып тұрамыз» деген ұсыныстар жасалуы мүмкін. Мұндай ұсыныстардың артында алаяқтық немесе басқа да заңсыз қаржылық схемалар тұруы ықтимал.
Дропперлік үшін жауапкершілік Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 232-1-бабында көзделген. Жасалған құқық бұзушылықтың мән-жайына байланысты жаза жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруды және мүлікті тәркілеуді қамтуы мүмкін.
Мәселенің өзектілігін Ақмола облысындағы көрсеткіштер де айқын көрсетеді. Бүгінде өңірде 129 дроппер бойынша жұмыс жүргізіліп, олардың 16-сы қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Бұл сандар банк картасын немесе шот деректерін басқа адамға беру – жай ғана қосымша табыс табудың жолы емес екенін көрсетеді. Аз ғана сыйақы үшін өз шотыңызды пайдалануға беру қылмыстық іске араласуға және заң алдында жауап беруге әкелуі мүмкін.
Әсіресе әлеуметтік желілердегі немесе мессенджерлердегі «оңай жұмыс», «үйден отырып табыс табу» сияқты ұсыныстарға сақтықпен қараған жөн. Егер жұмыс беруші банк картасын, интернет-банкингке кіру деректерін, SMS арқылы келетін кодтарды немесе басқа да құпия мәліметтерді сұраса, мұндай ұсыныстан бас тарту қажет.
Банк картасын, PIN-кодты, интернет-банкингке арналған логин мен парольді, SMS-кодтарды және өзге де құпия деректерді ешкімге беруге болмайды.
Егер банк картаңыздың немесе шотыңыздың деректерін үшінші тұлғаларға беріп қойған болсаңыз, дереу банкке хабарласып, болған жағдай туралы құқық қорғау органдарына мәлімдеу қажет.
Есте сақтаңыз: бірнеше мың теңге үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылу – тым қымбат «табыс». Өзгенің заңсыз әрекетіне өз шотыңызды пайдалануға жол бермеңіз.
Дроппер болмаңыз. Оңай ақша бостандыққа қауіп төндіруі мүмкін.

