29 октября 2023 года - День общенационального траура в Республике Казахстан

«Ауыл» партиясы: Конституциялық реформа – ел дамуының жаңа философиясы

Астана қаласында 2026 жылғы 3 ақпанда «Ауыл» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп, онда Қазақстан Республикасының Конституциясының жаңа жобасы талқыланды. Жиынға партия мүшелерімен қатар Парламент депутаттары мен қоғам белсенділері қатысып, ұсынылған құжатты елдің саяси жаңғыру жолындағы тарихи қадам ретінде бірауыздан қолдады.

Отырысты ашқан партия төрағасы, конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі *Серік Егізбаев* жаңа Конституцияны «Әділетті Қазақстанның» құқықтық іргетасы әрі ел дамуының жаңарған философиясы деп атады. Оның айтуынша, бұл бастама Мемлекет басшысы *Қасым-Жомарт Тоқаев* ұсынған саяси реформалардың заңды жалғасы.

Жиында ерекше назар жаңа бір палаталы Парламент – «Құрылтай» құру мәселесіне ауды. Мәжіліс депутаты *Жигули Дайрабаев* 145 депутаттан тұратын құрылымның тарихи маңызына тоқталып, бір палаталы модель бюрократиялық кедергілерді азайтып, басқару тетіктерінің ашықтығы мен тиімділігін арттыратынын айтты.

Сондай-ақ отырыста бірқатар ұсыныстар мен конституциялық нормаларға қатысты пікірлер ортаға салынды. Партия ардагері *Мынаутаубиік Әнесов* Ата заңда тарихи-мәдени мұраны сақтау және «Дін мемлекеттен бөлек» қағидатын нақтылау бағыттарын жоғары бағалады. Ал Түркістан облыстық филиалының өкілі, мәслихат депутаты *Нұржан Әжіметов* пропорционалды сайлау жүйесі партиялық жауапкершілікті күшейтетінін, вице-президент лауазымы мемлекеттік басқаруда сабақтастықты қамтамасыз ететінін атап өтті.

Саяси кеңес мүшесі, Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихат депутаты *Ольга Клишина* заң шығару бастамасына ие болатын Халық кеңесінің рөлін «билік пен қоғам арасындағы алтын көпір» ретінде сипаттады. Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, мәслихат депутаты *Садық Мұстафа* реформаның жалпыхалықтық референдум арқылы жүзеге асуы демократияның ең жоғары көрінісі екенін айтып, жаңа редакцияда халықтың биліктің бірден-бір бастауы екені нақты бекітілетінін жеткізді.

Отырыста әлеуметтік өкілдік мәселесі де назардан тыс қалмады. Қостанай облыстық филиалының өкілі, мәслихат депутаты *Динара Ахметова* әйелдер мен жастарға арналған 30 пайыздық квотаның сақталуын ауыл лидерлері үшін нақты «әлеуметтік лифт» деп бағалады.

Жиын қорытындысында партия Саяси кеңесінің мүшелері Қазақстан халқына және партияластарға Үндеу қабылдап, ұсынылған Конституция жобасын мұқият зерделеуге, жан-жақты түсіндіру жұмыстарын күшейтуге және шындыққа жанаспайтын арандатушылық жарияланымдарға ермеуге шақырды. Саясатта «құлаққағыс көп» кезеңде құжатты өз көзіңмен оқу – ең дұрыс дағды.